УДК 37

СТУДЕНТТЕРДІ ӨЗІН ӨЗІ БАҒАЛАУҒА ҮЙРЕТУДЕ «ТІЛДІК ПОРТФЕЛЬДІҢ» РӨЛІ

Бейсенбекова Г.Т.1, Ныязбекова К.С.1
1Абай атындағы ҚазҰПУ, п.ғ.к., доценті

Аннотация
В статье рассматриваются роль языкового портфеля в обучении и преподавании казахского языка.
Beysenbekova G.T.1, Nyyazbekova K.S.1
1Kazakh National Pedagogical University named after Abai, Ph.D., Associate Professor

Abstract
The portfolio of Kazakh language’s role in the training and teaching are given in this article.

Библиографическая ссылка на статью:
Бейсенбекова Г.Т., Ныязбекова К.С. Студенттерді өзін өзі бағалауға үйретуде «тілдік портфельдің» рөлі // Современная педагогика. 2013. № 4 [Электронный ресурс]. URL: https://pedagogika.snauka.ru/2013/04/1739 (дата обращения: 15.07.2023).

Қазақ тілін үйретудің басты мақсаттарының бірі – мәдениаралық қатысымды қалыптастыру. Мәдениаралық қатысымды қалыптастыру арқылы қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін танып-білуге жол ашылады. Белгілі ғалым, профессор Қ.Шаяхметұлы: «…дүниежүзілік ауқымдағы күрделі үрдістер мен қым-қуат құбылыстар  ахуалында өміршеңдік көрсету, жаһанданудың жанталас жағдайларында дербестік таныту жас ұрпаққа заманалық талаптар деңгейінде білім берумен, оны рухани жағынан лайықты қуаттандырып тәрбиелеумен тікелей байланысты. Бұл бағыттағы орындалмақ міндеттердің де, атқарылмақ істердің де жұлын-жотасы мен жүрек-өзегі  – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі жалпыға бірдей заңды мәртебесін қамтамасыз ету. Ендеше мұғалімдер қауымының еңбек еншісі мен тұлғалық сыбағасы – болашақ үшін біртұтас лингвосоциум қалыптастыруға ұйтқы боларлық шәкірттерді оқытып тәрбиелеу», – дей келе, «Оқыту мен тәрбиелеу ісін ұйымдастырудың және жүргізудің сара жолы сабақ екендігі –   әркімге аян әліптік ақиқат. Соңғы жылдарда байқалып жүрген бір жәйт – сол сабақтың білімдік-тәрбиелік мазмұнына гөрі, оны әсерлі өткізудің қамын жеп, әдістемелік ізденістер мен тәжірибелік шеберлік мәселелерін алдыңғы кезекке қою. Мұның аты – үстірттік,  әуесқойлық, Абайдың бағдартүзегіш, методологиялық даналығын дамытушылық. «Істің басы – ретін танымақтық» деген философиялық түйінді басшылыққа алса, ең әуелі барлық қызмет –әрекет атаулының көздеген мақсатын айқын ұғынып сезіну жөн болмақ», [1, 20] – дейді. Яғни қазақ тілін үйретудің мақсатын, нені үйрету керектігін, не үшін оқыту керектігін нақтылап алмай, бастаған істің нәтижелі болатындығын  білу мүмкін еместігіне назар аударады. Сол себепті де қазіргі кезеңде тіл үйренушілердің қаншалықты деңгейде тілді меңгергендерін бағалап, бақылауына арналған түрлі әдіс-тәсілдер жүзеге асуда.

Тіл үйренушілердің мәдениаралық қатысымын дамыту арқылы олардың өзі өмір сүріп отырған елде мәдениаралық қарым-қатынастың қаншалықты бағалы әрі маңызды екенін түсінеді, ол үшін тіл үйренуші мәдениаралық қарым-қатынас жасаудың шынайы мүмкіндігіне ие болуы керек. Тіл үйренуші қазақ тілін үйрену арқылы тілдік, сөйлеу материалдарын терең игере отырып, жинақтаған тәжірибесі нәтижесінде саналы түрде қазақша сөйлеуге дағдыланып, тілді өз бетінше үйрену дағдысы қалыптастырады. Студенттердің тілді қаншалықты игергендерін бағалауға және олардың өзін-өзі бағалауына әсер ететін негізгі құрал – «Тілдік портфельдің»   орны ерекше.

       Тілдік портфель – бұл тіл үйренушілердің өз бетінше қазақ тілін қаншалықты үйреніп меңгергендерін сараптап-сұрыптауға жол ашатын, жеткен жетістіктерін бағалайтын құжаттар жинағы. Тілдік портфель арқылы тілді үйретудің ұтымдылығы Н.Д.Гальскова, З.Н.Никитенко зерттеулерінде қарастырылған. Ғалымдардың пікірінше, тілдік портфельдің алдына қойған мақсаты:

  • тілді үйрету және оқыту тәжірибесіне болашағы зор білім беру идеологиясын енгізу;
  • тіл үйренушіні тілді үйрену арқылы алдына қойған мақсатына жететін және одан әрі білімі мен біліктілігін жетілдіретін құралмен қаруландыру;
  • тіл үйретуші-мұғалімге әр оқушының тілді үйрену деңгейін бағалай отырып, қажетті жағдайда оқытушылық қызметіне қосымша өзгертулер мен ұсыныстар енгізуіне мүмкіндік беру;
  • оқу үдерісінің барлық кезеңдерінде тіл үйренушінің қызығушылығын бағалау әрі қолдап отыру [1, 206].

Тілдік портфелді қазақ тілін үйретуде қолдануда төмендегідей ерекшеліктерге мән берген дұрыс:

  • қазақ тілін игеру деңгейін өз бетінше айқындай алуы тиіс;
  • саналы түрде қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығы  болуы тиіс және тілді үйрену үдерісінде белгілі бір нәтижеге жету жауапкершілігін сезінуі қажет;
  • тілдік портфельдегі тапсырмаларды ерекше қызығушылықпен орындай отырып, интеллектуалды және эмоционалды тұрғыдан дамуы тиіс.

Демек, тілдік портфель (ТП) – тіл үйренушілердің қазақ тілін үйренудегі жетістіктері мен жинақтаған нәтижелерін сараптан өткізіп отыратын жеке құжаты болып табылады.

Тілдік портфель  тіл үйренушінің тұлға ретінде дамуына тілді үйрену мотивациясы мен қызығушылығының артуына ықпал етеді. Тілдік портфельмен жұмыс істеу оқушыларға тілді үйренуде төмендегідей мүмкіндіктер береді:

  • қазақ тілін үйренуге деген мотивациясын арттырады; өзі тұрып жатқан елдегі мәдениаралық қатысымының қаншалықты бағалы екенін түсінеді;
  • қазақ тілін үйренуде өзіндік жұмыс түрлерін дұрыс ұйымдастыруға дағдыланады;
  • қазақ тілін үйрену дағдыларын басқа шет тілдерді үйрену дағдысымен салыстыра бағалайды;
  • өзінің білімінің қаншалықты деңгейге жетілгендігін анықтай алады.

Ал тілдік портфельмен жұмыс істеу арқылы мұғалім төмендегідей жетістіктерге қол жеткізеді:

  • қазақ тілін оқыту мотивациясын арттырады;
  • тілдік портфельде көрініс табатын нақты қатысымдық дағдыға бағдарлана отырып,  өзінің тілді үйретудегі іс-әрекетін, қызметін жоспаралай алады;
  • әр тіл үйренушінің жеке тұлға ретінде тілді үйренуіне көмектесе отырып, олардың тілді меңгеру дербестігін қалыптастырады;
  • қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде үйретудің маңызын аша отырып, жеке тұлғаның көптілді болып дамуына септігін тигізеді;
  •  тілді үйрену үдерісінде алынған ақпараттарға қажетті түзетулер енгізе алады;
  • өзінің әдістемелік-кәсіби шеберлігін жетілдіреді.

ТП-нің тілді үйретудегі рөлі оқушының қатысымдық және мәдениаралық құзіреттілігін қалыптастыруда көмекші қызмет атқаратындығын атап өткен маңызды. Себебі қазақ тілін оқытудың барлық қызметін ТП-мен алмастыру мүмкін емес. Тілдік портфельді сабақта қолданудың жолдары оқытушының  шеберлігі мен біліктілігіне байланысты.

Әр жыл сайын тілдік портфельге арналған папка тіл үйренушінің қалауы бойынша толтырылып отырады. ТП-ның соңғы бетін оқытушы толтырып отырады. Бұл бетте оқытушы тіл үйренушінің қандай оқулықпен, қандай бағдарламамен, қандай жаңа педагогикалық технологияларды, әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы тілді үйренгендігін жазып отырады. Сонымен қатар тіл үйренушінің сөйлесім әрекетінің түрлері арқылы қазақ тілін үйренудегі қатысымдық құзіреттілігін қалыптастыруға мінездеме беріледі. Мысалы, бұрыннан қалыптасқан не болмаса жаңадан қалыптаса бастаған тілді үйренудегі қатысымдық құзіреттілігін:

  • қалыптасқан;
  • қалыптасу үдерісінде;
  • қалыптаспаған деп бағалайды.

Беттің соңына оқытушы қолын қойып, мөрмен растап отырады.

Тілдік портфель оқытушы мен оқушы арасындағы өзара бірлескен жұмысты талап етеді. Тілдік портфель ақпараттық, педагогикалық, әлеуметтік қызметтер атқарады.

Тілдік портфельдің ақпараттық қызметі тіл үйренушілердің тілді игеру деңгейін анықтауға; бақылауға мүмкіндік береді. Тілдік портфельдің педагогикалық қызметі оқу үдерісімен тығыз жүзеге асып отырады. Қазақ тілін оқыту және үйрету үдерісінде нақты нәтижелерге қол жеткізуді жетілдіру, қамтамасыз ету; тілдік білім беру ісінің сапалылығы; оқытушы мен тіл үйренушінің арасындағы тығыз  қарым-қатынас; тілді меңгеру деңгейін бағалау және бақылау; оқу үдерісін жоспарлауды жеңілдету; оқытушының да, тіл үйренушінің де кәсіби құзіреттілігін жетілдіріп,   жіберген қателерін түзету ТП-ның педагогикалық қызметімен тығыз байланысты.

ТП-ның әлеуметтік қызметі: қоғамдағы әр тіл үйренушінің тілдік және мәдениаралық қатысымын дамытуға; тіл үйренушілердің сөйлеу шеберлігін жетілдіру мотивациясын арттыруға қызмет етеді.

Қазақ тілін оқытуда тілдік портфельді қолдануда студент пен оқытушы арасындағы жаңа қарым-қатынас ұстанымын басшылыққа алған орынды. Студент пен оқытушының арасындағы жаңа қарым-қатынас ұстанымы тіл үйренушінің жеке басын, оның жеке тұлғалық қабілеттерін, пікірлерін құрметтеуге бағытталған. Студенттердің қазақша сөйлеуін қалыптастыру сабақтарында студент – субъект, яғни жеке   пікірі, өз әрекеттеріне баға бере алатын адам тұрғысында танылады. Студенттердің қазақша қатысымдық құзіреттілігін қалыптастыру сабақтарында тіл .йренуші білімді игеруде өз бетінше ізденістер, зерттеулер жүргізіп, өтілген материалдарды өздігінен меңгеруге ұмтылса, мұғалім студенттің әрекеттерін бағыттаушы рөлінде болып, оның ізденімдік, шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге ұмтылады. Сондықтан тілдік портфельді  оқыту жүйесінде  қолдану мұғалім мен студент арасындағы қарым-қатынастың жаңа қағидаларға негізделуіне түрткі болады. Олар ынтымақтастық, өзара сыйластық, түсіністік сияқты қасиеттер. Тіл үйренуші өз ойын қорықпай, сеніммен айта алатындай ахуал болуы басты назарда ұсталынады. Ол үшін оның әрбір жауабы мұқият тыңдалып, дұрысы мақталып, қатесі еппен түзеліп отырылады.

Тілдік портфель тіл үйренушілердің қазақ тілін үйренудегі жетістіктері мен жинақтаған нәтижелерін сараптан өткізіп отыратын жеке құжаты болғандықтан олардың эмоционалдық көңіл-күйімен тығыз байланысты болады. Сондықтан қазақ тілін үйретуде эмоционалдық көңіл-күйі студенттің іс-әрекетіне, табиғи даму заңдылығына байланысты өрбиді. Оқытушы сабаққа жоғары көңіл-күйде келіп, сабақ өткізетін болса, студенттің де көңіл-күйі көтеріліп, сабақтағы материалды игеруге деген ынта-ықыласы артады. Сол себепті студенттің берілген тапсырманы игеруге деген ықыласының артуы оның эмоционалдық күйімен тығыз байланысты. Ол үшін мұғалім төмендегідей талаптарға мән беруі қажет: мұғалім әр сабаққа дайындалу барысында студенттерге қалай жағымды әсер ету керектігін ойлануы қажет; дәрісханаға кірген мұғалім студенттермен жылы шыраймен амандасып, қалжыңдаса білуі керек; студенттермен демократиялық қарым-қатынас жасау стилін сақтай білу керек; сабақты түсіндіруде студенттерге дөрекі сөйлеуге болмайды; студенттерге жаңа материалды игерту үшін оларды эмоционалды дайындау керек; студенттердің жаңа тапсырма негізінде меңгерген материалдары бойынша белгілі бір нәтижеге қол жеткізуіне мән беру қажет; сабақтың жоғары деңгейде өткендігі жөнінде  тіл үйренушілердің қанағаттанушылық сезімдерін тудыру, т.б.

Демек,  әр сабақ сайын эмоционалдық көңіл-күйі жоғары студент оқыған материалдары бойынша қандай жетістікке қол жеткізді, өткен сабақ бойынша қанағаттанушылық сезімі пайда болды ма деген сұрақтар төңірегінде ойлана отырып, тілдік портфельге қажетті тапсырмалар жүйесін сараптаудан өткізеді. Нәтижесінде кері байланыс орнатылады. Тілдік портфель арқылы кері байланыс орнату тіл үйренушілердің сабаққа күнделікті дайындалуын қадағалайды.  Тілді үйрету барысында әр студент күнделікті сабақта не үйренгендігін, қандай жетістікке жеткендігін хабарлап отыруы қажет. Яғни студент әр сабақ сайын алған білімін тексертуі керек. Егер студент сабаққа баға алу үшін ғана дайындалатын болса, онда тілдік портфельге түсетін құжаттар нәтижесі  жоғары нәтиже бере алмайды. Кері байланыс орнату ұстанымын жүзеге асыруда арнайы шарттарға көңіл бөлу қажет: үйге берілетін тапсырма басқа пәндерге дайындалуына кері әсер етпейтіндей студенттің мүмкіндігіне қарай берілуі тиіс.

Қорыта келгенде, қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқытуда тілдік портфельді қолданған тиімді. Себебі студенттер мамандықтарына қатысты тілдік материалдарды жинай отырып, қазақша кәсіби сөйлеу дағдысын қалыптастырады;  тілді терең игеру үшін қандай ұтымды әдіс-тәсілдерді қолдануға болатындығын сараптай алады; тілді меңгеру деңгейін өз бетінше бақылап бағалауға қол жеткізеді. Сондықтан қазақ тілін оқыту барысында тілдік портфельді алғашқы күннен бастап қолдануға дағдыландыру әр оқытушының әдістемелік тұрғыдан пайдаланатын қаруы болуы тиіс.


Библиографический список
  1. Қ.Шаяхметұлы. Әлемдік білім кеңістігіне ену жағдайында қазақ тілінде оқыту мен тәрбиелеу мәселелері// «Колледждерде оқытылатын мемлекеттік тіл: тарихы, бүгіні және болашағы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Семей: 2006. -19-26-б.
  2. Гальскова Н.Д., Никитенко З.Н. Теория и практика обучения иностранным языкам. – М.: Айрис-пресс, 2004. – 240 с.


Все статьи автора «Ныязбекова Куланда Сарсенкуловна»


© Если вы обнаружили нарушение авторских или смежных прав, пожалуйста, незамедлительно сообщите нам об этом по электронной почте или через форму обратной связи.

Связь с автором (комментарии/рецензии к статье)

Оставить комментарий

Вы должны авторизоваться, чтобы оставить комментарий.

Если Вы еще не зарегистрированы на сайте, то Вам необходимо зарегистрироваться: