УДК 37

ҚАЗАҚ ТІЛІН ЛИНГВОЕЛТАНЫМДЫҚ БАҒЫТТА ОҚЫТУ

Бейсенбекова Г.Т.1, Ныязбекова К.С.1
1Абай атындағы ҚазҰПУ, п.ғ.к., доценті
Beysenbekova G.T.1, Nyyazbekova K.S.1
1Kazakh National Pedagogical University named after Abai, Ph.D., Associate Professor

Библиографическая ссылка на статью:
Бейсенбекова Г.Т., Ныязбекова К.С. Қазақ тілін лингвоелтанымдық бағытта оқыту // Современная педагогика. 2013. № 4 [Электронный ресурс]. URL: http://pedagogika.snauka.ru/2013/04/1740 (дата обращения: 01.10.2017).

Қазіргі кезде қазақ тілін оқыту арқылы студенттердің өзін-өзі тану процесін қалыптастыруды лингвоелтанымдық бағытта оқытудың маңызы зор. Лингвоелтанымдық бағытта оқыту арқылы студенттердің қазақ тілін үйрену қызығушылығын арттыруға болады. Лингвоелтанымдық бағытта оқыту үшін студенттерге берілетін материалды қалай сұрыптауға болады деген сұрақ туындайды.

Қазақ тілін үйретуде тіл үйренушілерге тек қана қазақ тілін меңгеру дағдысы мен шеберлігін қалыптастырып қана қоймай, сонымен қатар үйреніп елтанымдық, лингвоелтанымдық, мәдени құндылықтарды игертудің маңызы зор. Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын таныту лингвоелтанымдық компоненттердің құрамына кіреді.

Елімізде болып жатқан саяси, экономикалық, мәдени, халықаралық байланыстар қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қатысымдық бағытта  оқытудың  түрлі жолдарын қарастыруды талап етеді. Студенттердің  қатысымдық құзіреттілігін қалыптастыру тек қана олардың тілді меңгеру техникасын қалыптастырып қана қоймай, сонымен бірге өзін қоршаған әлем, орта туралы шындықтарды білу, тану қажеттілігінен туындайды.  Қазақ халқының тарихи, мәдени, қоғамдық-саяси, саяси жүйесі туралы ерекшеліктерді үйрене отырып, өз халқының, елінің ерекшеліктерімен салыстыра алады. Сондықтан үйреніп отырған халықтың  өзіне тән ерекшеліктерін елтанымдық бағытта үйрену қазақ тілін оқытудың басты ұстанымдарының бірі болып есептеледі.

Елтану мен лингвоелтанымдық дегеніміз не? Олардың айырмашылығы неде?

Тілді оқыту арқылы сол елдің мәдениетін үйрету екі: қоғамдық және философиялық  тәсіл арқылы жүзеге асады. Бірінші тәсіл пән негізіне сүйенеді. Елтану үйреніп отырған ел туралы түрлі мәліметтер жиынтығына негізделген кешенді оқу пәні ретінде түсіндіріледі. Елтанудың негізгі пәндерден ерекшелігі: ірі мемлекеттер мен аудандарды қарастыратын кешенді материалдармен қамтылған география ғылымдарының  жүйесіндегі пән ретінде қарастырылады.

Лингвоелтану  –  тіл үйретуді негізге ала отырып, сол үйреніп отырған ел туралы деректер беру бағыты.  Лингвоелтанымның басты мақсаты – түпнұсқа мәтіндерді және серіктесінің сөзін қабылдай отырып, мәдениаралық қатысым актісіндегі коммуникативтік құзіреттілікті қамтамасыз ету. Елтанымдық бағытта тіл үйретудің негізгі тапсырмасы үйреніп отырған халықтың ұлттық мәдени ерекшеліктерінен нақты көрініс беретін тілдік бірліктерді меңгерту болып табылады.

Демек,  лингвоелтаным, бір жағынан, тілді үйретуге бағытталса, екінші жағынан, үйреніп отырған ел туралы мәліметтер береді. Линвгоелтанымның негізгі объектісі сол ел емес, үйреніп отырған елдің аялық білімі, яғни жинақталған түрде мәдениеті, мәдениетанымы қарастырылады. Сондықтан елтаным мен лингвоелтанымының арасындағы айырмашылықты қарастыруда мына жайттарға ерекше көңіл бөлу қажет: елтаным қай тілде болса да қоғамдық ғылымдардың пәні ретіне қарастырылса, ал лингвоелтаным филология пәндеріне негізделе отырып, тілді оқытуда тілдік бірліктердің мағынасын ашатын, аялық білім беруге бағытталған пән болып есептеледі.

«Лингвоелтанымдық бағыттың негізгі мақсаты – мәдени константаларды екі немесе үш тілде өзара салыстыра отырып, ұлттық нышандарын айқындайтын, сол елдің болмыс-бітімін, халықтың мінез-құлқы мен тұрмыстық ерекшеліктерін ажыратып көрсететін тілдік ұғымдар мен белгілерді зерттеу. Бұл бағытта қарастырылатын объектілер белгілі бір елдің немесе ұлттың өзіне тән белгілерін, басқа ұлтта жоқ өзіндік нышандарын көрсете алатын тілдік бірліктер болуы керек. Мысалы, қазақ тілінде белгілі бір ұғымды ауыс мағынада түсіндіру үшін өздері күнделікті көріп жүрген, болмысы әбден танылған ұғымдарды қолданады. Қазақтар үшін қойға қатысты тұрақты тіркестер жағымды мағына береді: қой көзді, қой аузынан шөп алмас, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман т.б. Ал орыс халқында «баран» сөзі жағымсыз қасиеттермен, нақты айтқанда, қырсықтық пен ақымақтықпен байланыстырылады. Мысалы, упрямый, как баран. Американдықтарда да «қой» жағымды ассоциация тудырады. Американдық жарнамадан: «Покупайте автомобиль «Додж», он напорист, как баран» деген мағынадағы тіркестер жиі кездеседі. Басқа халық момын адамды  қой аузынан шөп алмас деп бұлайша түсіндірмейді. Себебі, олар қойдағы жуастық қасиетті тұрмыс-тіршілігінде танымаған немесе негізгі кәсібінің бірі қой бағу болмағандықтан, ерекше мән де бермеген»[1,78б.].

Филологиялық тұрғыдан елтанытуда екі мәселеге мән беріледі:

1)     Тілдік тұлғалардың көмегімен мәденитанымдық ақпараттарды алу. Мұндай жағдайда бірінші орынға  мәдениеттік тұрғыдан білім беру шығады. Бұл әдіс тілді екінші тіл ретінде оқытуда басым рөл атқарды.

2)     Тілдік тұлғаларды тіл үйренушінің тілі мен мәдениетіне ұқсас бейнелер негізінде оқыту мен қабылдауға оқыту.

Фразеологизмдер немесе сөздердің мағынасы негізінде пайда болатын бейне арқылы тіл үйренуші тілдік және қатысымдық тұлғалардың  мағынасын түсінеді.  Сөздердің мағынасын және ұлттық-мәдени компоненттердің мағынасын түсіндірумен жұмыс  істеуде тілді үйретудің жетекші орнына мәдениет емес, керісінше тіл шығады. Сол арқылы лингвоелтанымдық құзіреттілік  қатысымдық құзіреттілікті қамтамасыз етуге қызмет етеді.

Сонымен, лингвоелтанымның басты мақсаты – мәдениаралық қатысым актісінде қатысымдық құзіреттілікті қамтамасыз ету,  ең бастысы сөйлеушінің негізгі ойды және түпнұсқа мәтіндерді қабылдауы. Лингвоелтаным көптеген проблемаларды, соның ішінде мәтіндердің ерекшелігін филологиялық тұрғыдан  шешуді қамтамасыз етеді.

Сонымен, лингвоелтаным – бұл қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқыта отырып, еліміздің қоғамдық және мәдени өмірінен хабардар ететін әлеуметтік лингвистиканың дидактикалық аналогы деуге болады.

Лингвоелтанымның басты мақсаты – тіл үйренушінің түпнұсқа мәтіндер негізінде ақпараттарды қабылдай отырып, қатысымдық құзіреттілігін қаматамасыз етуі. Лингвоелтаным тілдік тұлғалардың көмегі арқылы қазақ халқының ұлттық ерекшелігін, ұлттық мәдениетін үйренуге жол ашады.  Ұлттық ерекшеліктер мен ұлттық мәдениет ерекешілктерінен хабардар беретін тілдік бірліктерді үйрету және әлеуметтік сұрыптаудың қажеттілігі көркем шығармаларды оқуда, баспасөз құралдарынан, кино және видеокөріністерді көруден, ән тыңдаудан және т.б. байқалады.  Көптеген ғалымдар лингвоелтанымның басты нысаны ретінде аялық білімді ұсынады. Е.М.Верещагин мен В.Г.Костомаров  аялық білімнің лингвистикалық табиғатын ашты. Ғалымдар аялық білімнің сөздердің лексикалық жүйедегі орны мен қолданысын анықтайтынын дәлелдеді. Мысалы, ағылшындық студентке шәкіртақыңды қайда жұмсадың? – деп сұрақ қою қызық көрінуі мүмкін. Себебі британдық студентке шәкіртақы деген түсінік сабақ үлгеріміне байланысты ай сайын алып отыратын ақша емес, керісінше, білім алу үшін төлейтін  қаражаттың құрамына кіреді.

Сондай-ақ лингвоелтанымдық бағытта тіл үйретуде қанатты сөздер, мақал-мәтелдердің, бейвербалды амалдардың да алатын орны ерекше. Өмірде адамдар тек тілмен сөйлесу арқылы ғана бір-бірімен түсініспейді, кейде әр түрлі жағдайларға байланысты олар бір-бірін тілсіз-ақ ұғып, соған қарай іс-әрекет жасайды. Мәселен, көшеде келе жатқанда адамдар түрлі жарық көздеріне, естілген дыбыстарға назар аударып, соған өздерінше жауап қатады, соған сай әрекет жасайды. Сол сияқты жол белгілерінің әр түрлі үлгілері немесе таңбалары адамға белгілі бір жайдан хабар береді де, адам оны қабылдап, түсініп, осыған байланысты қозғалуы әр халықта әр түрлі жүзеге асады.

Ф.Ш.Оразбаева: «Кейде адамдар белгілі бір шартты келісімдер немесе белгілер арқылы тілсіз-ақ ұғынысады. Бұл да – адамдар арасындағы қарым-қатынастың бір түрі. Осыдан басқа да адамдардың бірін-бірі түсінудің көптеген жолдары бар.

Мұндай семиотикалық таңба-белгілерден өзгеше адамдардың ыммен түсінісуі және көздің, ауыздың, қабақтың қимыл-қозғалыстары мен жалпы бет-әлпеттің өзгеруі арқылы ұғынысуы сияқты қаншама көп белгілер бар. Тіптен дене мүшелерінің /қолдың, аяқтың, иықтың т.б./ әр түрлі қимыл-әрекетінің өзін неше саққа жүгіртуге болады.

Қарым-қатынастың жоғарыда айтылған үлгілерінің барлығы өмірден, қоғамнан тыс бола алмайды. Мұндай қарым-қатынастар адам үшін қызмет етеді, адамдардың өзара түсіністігіне жол ашады», –  дейді [2]. Мысалы, қазақ халқының амандасу салтының өзі өзге ұлттан ерекше екендігін түсіндіру тіл үйренушілерге үлкен әсер қалдырады.

Сонымен қорыта келгенде, лингвоелтанымдық бағытта тіл үйретуде төмендегідей ерекшеліктерге мән берген маңызды:

  • аялық білім;
  • мақал-мәтелдер, қанатты сөздер;
  • сөздік қор;
  • сөйлеу этикеті;
  • бейвербалды амалдар.

Демек, студенттерге қазақ тілін лингвоелтанымдық бағытта оқытуда жоғарыда айтылғандарды есте сақтаған дұрыс. Себебі тіл үйренуші қазақ тілін оқу арқылы сол халықтың салт-дәстүрімен, тілімен, ділімен танысады. Сол арқылы қазақ халқының лингвоелтанымдық ерекшеліктерін ұғынады, тереңінен түсінеді.


Библиографический список
  1. Байғұтова А.М. «Қазақ әйелі» концептісінің этномәдени сипаты» атты филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған дисс. –Алматы, 2008. – 143 б.
  2. Оразбаева Ф. Тіл әлемі. –Алматы: Ан Арыс, 2009. -368 б.


Все статьи автора «Ныязбекова Куланда Сарсенкуловна»


© Если вы обнаружили нарушение авторских или смежных прав, пожалуйста, незамедлительно сообщите нам об этом по электронной почте или через форму обратной связи.

Связь с автором (комментарии/рецензии к статье)

Оставить комментарий

Вы должны авторизоваться, чтобы оставить комментарий.

Если Вы еще не зарегистрированы на сайте, то Вам необходимо зарегистрироваться: